Солтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық орталық мамандары өткен аптада 900-ден астам тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Оның 33-інен қатерлі ісік анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
13-19 қараша аралығында емханаға 925 адам жүгінген. Сонымен қатар дәрігерлер 161 емделу нұсқама жазып, 121 рет мультидисциплинарлық топтың отырысын өткізді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау, науқастарды дер кезінде есепке алу және емдеу шараларын ұйымдастыру – орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Апта қорытындысы бойынша 33 адам диспансерлік есепке қойылды. Олардың сегізіне аурудың бірінші сатысы диагнозы қойылған. Ал екі науқастан төртінші саты анықталған. Мамандар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтаудың маңызы зор екенін еске салады.
«Денсаулыққа бейжай қарамай, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту қажет. Ал қандай да бір күмәнді белгілер байқалған жағдайда, дәрігерге қаралған жөн», — деді онкологиялық орталық мамандары.
Тағы оқыңыз: Мас жүргізушілер, түнгі жанжалдар және 955 құқық бұзушылық. СҚО-да ауқымды рейд өтті

