Солтүстік Қазақстан облысында артемия салина шаяндарын ұрлаған екі ер адам бас бостандығынан айырылды. Олар Тайынша ауданындағы көлдердің бірінен 300 келіден астам шаянды заңсыз аулаған. Мемлекетке келтірілген экологиялық шығын алты миллион теңгеге жуықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Оқиға 2025 жылдың шілдесінде болған. Ақмола облысының екі тұрғыны алдын ала сөз байласып, заңсыз кәсіппен айналысу үшін Тайынша ауданындағы көлдердің біріне келген. Олар түнгі уақытта 336,4 келі артемия салина шаянын аулап, кейін оны пайда табу мақсатында сатуды жоспарлаған.

Алайда заңсыз әрекеттері ұзаққа созылмады. Көл жағасында оларды полиция қызметкерлері ұстады. Оқиға орнынан өндірілген биологиялық ресурстар мен аулау құралдары тәркіленді. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген экологиялық залал бес миллион 952 мың 104 теңге екені анықталды.

Сот процесінде айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізген. Сондай-ақ келтірілген шығынды толығымен өтеген. Соған қарамастан, сот қылмыстың пайдакүнемдік мақсатта, алдын ала келісім бойынша жасалғанын және табиғатқа айтарлықтай залал келтірілгенін ескерді. 21 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы төртінші бөлігінің бірінші тармағы бойынша кінәлі деп танылған екі азаматқа рақымшылық жасау туралы заңды ескере отырып, бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді», — делінген сот үкімінде.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда тұрғындардың арызын созбалаңға салған шенеуніктерден жауап талап етіледі

Поделиться:

Shares