Тіс протезін әзірлеу – тек медициналық білімді емес, асқан ұқыптылық пен шеберлікті қажет ететін жұмыс. Петропавлдағы Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжде осы кәсіпті меңгеруге ниетті жастар қатары көбейіп келеді. Мұнда бірнеше жылдан кейін үзілістен соң «Тіс технигі» мамандығына қайтадан жанданды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл тіс дәрігері болуға талаптанған 59 түлек аталған мамандыққа оқуға түсті. Қазір олар зертханада түрлі стоматологиялық конструкцияларды әзірлеуді үйреніп жүр. Болашақ тіс техниктері үшін оқу аудиториядағы дәріспен шектелмейді. Студенттер алған білімдерін арнайы жабдықталған зертханада тәжірибе жүзінде пысықтайды. Мұнда олар протездің пішінін келтіруден бастап, дайын бұйымды өңдеу мен жылтыратуға дейінгі кезеңдерді меңгереді.
Зертханадағы сабақтар бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен студенттер балауызбен жұмыс істеуді және тістердің моделін жасауды үйренеді. Кейін сканерлеу мен компьютерлік модельдеу әдістеріне көшеді. Сонымен қатар алынбалы протездер, металлокерамикалық конструкциялар және тісті түзетуге арналған құрылғыларды әзірлеуді меңгереді.
«Оқу жылының басынан бері зертханада 80-ге жуық студент білім алып жатыр. Мұнда олар мамандықтың қыр-сырын тәжірибе арқылы меңгереді. Жұмыс балауыздан модель жасаудан басталады. Одан кейін сканерлеу, компьютерде үлгі әзірлеу секілді заманауи технологияларды үйренеді. Тіс дәрігері пациентті қабылдап, ем жүргізсе, тіс технигі оның тапсырмасы бойынша қажетті протездер мен түрлі конструкцияларды дайындайды», — деді Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледждің оқытушысы Дмитрий Филимоненко.
Тіс технигінің жұмысы көзге көріне бермегенімен, стоматологиялық қызметтің маңызды бөлігі саналады. Дайындалған протездің сапасы мен дәлдігі пациенттің жайлылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан маман тіс анатомиясын жетік біліп, материалдардың ерекшелігін ажырата алуы керек. Колледжде студенттерге осы талаптарға сай кәсіби білім мен тәжірибе беруге басымдық жасалған.

