Президенттің Жолдауында белгіленген міндеттер Солтүстік өңір үшін маңызды. Әсіресе газдандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, инфрақұрылымды жаңарту және инвестиция тарту мәселелері.  Бұл туралы Шал ақын аудандық мәслихатының VIII шақырылымының төрағасы Қайрат Жангужинов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Өңір үшін маңызды мәселелердің бірі – табиғи газға қол жеткізу. 

«Президент Жолдауында көптеген елді мекен газбен және таза ауызсумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Біздің өңір үшін бұл аса маңызды. Болашақта табиғи газ облыс орталығымен шектелмей, ауылдық аудандарға да жетсе, халықтың тұрмыс жағдайы едәуір жақсарады», – деді Қайрат Жангужинов.

Аграрлық аудан үшін ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру де басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Бұл бағытта өнім өндіруден бастап, оны сақтау, өңдеу, тасымалдау және өткізуге дейінгі толық өндірістік жүйені қалыптастыру маңызды.

Осындай бастамалардың бірі – Шал ақын ауданында «Asyl Farms» ЖШС қолға алған қант зауытының құрылысы. Жоба жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданға инвестиция тартуға және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік туады.

«Қант зауытының құрылысы аудан экономикасына тың серпін бере алады. Алайда ірі өндірістің тиімді жұмыс істеуі үшін сапалы жолдар мен дамыған көлік-логистика инфрақұрылымы қажет. Сондықтан өндірісті дамыту мен инфрақұрылымды жаңарту қатар жүруі тиіс», – деп атап өтті мәслихат төрағасы.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – салық саясаты. Қайрат Ақпанұлының пікірінше, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түсінікті әрі әділ салық жүйесінің болуы ерекше маңызды.

«Салық салу жүйесі бизнестің дамуына және инвестиция тартуға кедергі келтірмеуі керек. Тұрақты әрі әділ ережелер кәсіпкерлерге өз жұмысын сенімді жоспарлауға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды», – деді ол.

Мәслихат төрағасы Мемлекет басшысы айқындаған бастамалардың нәтижесі олардың жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылатынына байланысты екенін атап өтті.

«Ең бастысы – Жолдауда белгіленген міндеттерді нақты істер мен жобалар арқылы жүйелі түрде жүзеге асыру. Өйткені еліміздің дамуы әр өңірдің, әр ауданның және әр ауылдың дамуынан басталады», – деп түйіндеді Қайрат Ақпанұлы.

Поделиться:

Shares