Аға буын өкілдері елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды бастамаларға бейжай қарамайды. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Иманғали Сұлтанұлының айтуынша, белгіленген міндеттер елдің алдағы даму бағытын айқындап, экономиканы нығайтуға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болады.
Ардагер әсіресе, ел болашағына бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, кез келген өзгерістің нәтижелі болуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның қолдауына да байланысты. Сондықтан әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ортақ мақсат жолында еңбек етуі қажет.
«Елдің дамуы мен тұрақтылығын сақтауда ұрпақтар сабақтастығының да орны ерекше. Аға буынның жинаған тәжірибесі мен жастардың тың идеялары ұштасқанда ғана жаңа жетістіктерге жол ашылады. Жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа және ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу маңызды», — деді ел ағасы.
Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған бастамалардың нақты іспен жалғасып, халық игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді. Елдің жарқын болашағы үшін қоғам болып жұмылып, әрқайсысы өз үлесін қосуы керек деген ойын жеткізді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Орталық Азиядағы алғашқы қазақ-қытай аграрлық ғылыми орталығы құрылмақ

