Солтүстік Қазақстан облысында сиырын сатып жіберген әйел полицияға «малым жоғалды» деп шағымданған. Қара ала сиырды іздеуге полицейлер, кинолог пен қызметтік ит жұмылдырылып, тіпті дрон да пайдаланылды. Кейін белгілі болғандай мал жоғалмаған, ауыл тұрғыны сиырды күйеуіне айтпай сатып жіберген деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Оқиға Есіл ауданының ауылдарының бірінде болған. Әйел адам полицияға хабарласып, сиырының жоғалып кеткенін айтқан. Әйелдің сөзінше, үйден шығарда қақпаны жабуды ұмытып кетіпті. Қайтып келгенде басы мен бауырында ақ дақтары бар қара сиырын таппаған.

Полицейлер алдымен мал ұрлығы болуы мүмкін деген болжамды тексерген. Кейін ауыл маңынан сиырды іздеуге кіріскен. Өйткені қараусыз жүрген мал ұрылардың қолына түсуі немесе жолға шығып, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

Аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері кешке дейін ауылды және оның маңын аралап, тұрғындардан сұрастырған. Келесі күні іздеу жұмыстарына көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, қызметтік иті бар кинолог және дрон операторы қосылған.

Тәртіп сақшылары айналаны түгел шолып, бейнебақылау камераларының жазбаларын да тексерген. Алайда іздеу барысында сиырдың ұрланбағаны, тіпті жоғалмағаны белгілі болды. Сөйтсе, малдың иесі оны басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген екен.

Әйел бұл әрекетін күйеуінен жасырын жасаған. Айтуынша, сиырды сатудан түскен ақшамен әпкесіне көмектеспек болған. Ал жұбайы шындықты біліп қоймас үшін полицияға малым жоғалды деп хабарласқан.

Осылайша, отбасылық құпияны жасыру әрекеті тәртіп сақшыларын әбігерге салған. Болмаған сиырды іздеуге бірнеше қызметкердің уақыты мен полицияның ресурстары жұмсалған. Ақыры әйелдің айласы әшкереленіп, өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін оған 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Полицейлер тұрғындарға жалған хабарлама берудің жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Заң мен тәртіп әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 14 мыңға жуық адам абаттандыру ережесін бұзған

Поделиться:

Shares