Петропавлда аты аңызға айналған батыр, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған спектакль көрсетілді. Қойылымды 500-ге жуық мектеп оқушысы тамашалады. Жас ұрпаққа батырлықтың, отансүйгіштік пен адалдықтың мәнін ұғындырған мәдени шараны Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бауыржан Момышұлының қайсар мінезі, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен ерлік жолы сахнада қайта жаңғырды. Батырдың өнегелі өмірін арқау еткен қойылым жас көрермендерді тарихқа үңіліп, ерлік пен елге қызмет етудің маңызын түсінуге үндеді.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында облыстық прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух сіңіру, заңға, әділдікке, еңбекке және жалпыадамзаттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру.

Қойылымға Петропавл қаласының 500-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Олар қазақ халқының даңқты қолбасшысының өмір жолымен, ел қорғаудағы ерлігімен және кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасымен танысты.

Спектакль аяқталған соң оқушылармен арнайы әңгімелесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қойылымның негізгі идеялары, батырдың өмірлік ұстанымдарының бүгінгі жастар үшін маңызы талқыланды.

Әсіресе тәртіпке бағыну, жауапкершілік алу, әділдік пен адалдықты ту ету сияқты қасиеттерге назар аударылды. Өйткені Бауыржан Момышұлының өмір жолы тек майдандағы ерліктің ғана емес, берік тәртіп пен азаматтық жауапкершіліктің де үлгісі.

«Мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыруға, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған»,- дейді облыстық прокуратура өкілдері.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда әлеуметтік желіде балағат сөз айтқандар мен жала жапқандарды жазалау ұсынылды

Поделиться:

Shares