СҚО-да заңсыз аңшылық құрған адамды полицейлер ағаш ішіндегі жарықтан анықтады
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулады деген күдікпен 37 жастағы ер адам анықталды. Оны тәртіп сақшылары орман ішіндегі жарықтың көмегімен тапқан. Оқиға Шал ақын ауданында болған, деп жазады Qazaqstan Media.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында учаскелік инспекторлар мен Сергеев орман шаруашылығының маманы рейд жүргізген. Кешкі сағат 21:30 шамасында Сухорабовка ауылынан жеті шақырым жердегі орман алқабынан жарық көрінеді. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары мылтығы бар аудан тұрғынын және атылған жабайы қабанды анықтаған.
СҚО-да заңсыз аңшылық құрған адамды полицейлер ағаш ішіндегі жарықтан анықтады
«Оқиға орнынан жануар, 12 калибрлі «ИЖ-43Е» мылтығы және «Suzuki» мотоциклі тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалған», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Заңсыз аң аулағаны үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығы шектелуі мүмкін. Полиция қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтерді тұрақты түрде жалғастырып жатыр.