Қазақстанда риелторлардың жұмысын қатаң бақылауға алынбақ. Енді жылжымайтын мүлік агенттері өзіне тапсырыс бермеген адамдардан комиссия талап ете алмауы мүмкін. Сондай-ақ олардың кәсіби біліктілігі тексеріліп, қызмет ақысы мен міндеттері келісімшартта нақты көрсетілуі тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сауда және интеграция министрлігі депутаттармен және кәсіби қауымдастықтармен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеудің жаңа ережелерін әзірлеп жатыр.
Басты өзгерістердің бірі – риелторлардың қызметіне ақы төлеу тәртібін нақтылау. Мәселен, пәтер сатушы риелтор жалдаса, агенттің қызметіне тапсырыс бермеген сатып алушыдан комиссия талап етуге жол бермеу ұсынылып отыр.
Сондай-ақ риелтор мен клиент арасындағы келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері, төлем тәртібі және екі тараптың міндеттері анық жазылуы керек. Яғни азамат қандай қызмет үшін қанша ақша төлейтінін алдын ала білуі тиіс.
Бұдан бөлек, риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілмек. Мамандардың білімі мен тәжірибесін бағалау, біліктілігін ресми түрде растау тетіктері қарастырылып жатыр.
Риелторлардың жұмысын кәсіби бірлестіктер арқылы бақылау да ұсынылды. Олар азаматтардың шағымдарын қарап, ереже бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады.
Министрлік тұтынушыларды қажетсіз қызметтерге мәжбүрлеп ақы төлеуден, негізсіз комиссиялардан және тиімсіз келісімшарттардан қорғау үшін қосымша заңнамалық өзгерістерді талқылап жатыр.
Әзірге бұл талаптар ұсыныс ретінде қарастырылуда. Олардың нақты қашан күшіне енетіні хабарланған жоқ.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның палуан қыздары Әзербайжанда өткен халықаралық турнирде бес медаль жеңіп алды

