Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті өмірде араб тілінен енген сөздердің орнына қазақ тілінде бұрыннан қалыптасқан атауларды қолдануға шақырды. Күнделікті қарым-қатынаста ана тіліміздің байлығын сақтаудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұған Мемлекет басшысының  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтқан пікірі негіз болды. Президент қазақ тілінің дамуына тоқталып, діни ұғымдарды білдіретін төл сөздеріміздің орнына арабша атаулардың жиі қолданылатынына назар аударған еді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеде құлшылық тілі мен күнделікті сөйлеу тілінің аражігін ажырата білу маңызды екенін мәлімдеді.

«Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескергеніміз жөн. Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану — ана тілімізге деген құрметтің көрінісі», — деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Мәселен, соңғы уақытта жиі қолданылатын «ифтар» мен «сухур» сөздерінің қазақ тілінде бұрыннан қалыптасқан «ауызашар» және «сәресі» деген баламалары бар. Бұл атаулар халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен тығыз байланысты.

ҚМДБ өкілдері «ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деген сөздер көпшілікке түсінікті екенін және оларды қолдану арқылы діни дәстүрмен қатар тілдік мұраны да сақтауға болатынын атап өтті.

Мамандар адамдардың бір-біріне қарата айтатын сөздеріне де назар аударды. Кейбір азаматтар жиі қолданатын «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» сөздерінің орнына қазақша туыстық атауларды пайдаланған дұрыс деп есептейді.

«Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», — деді ведомство өкілдері.

Осылайша, діни басқарма күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде қалыптасқан діни және туыстық атауларға басымдық беруге үндеді.

Тағы оқыңыз: СҚО тұрғындары табиғатқа зиян келтіргендерді Telegram-бот арқылы прокуратураға хабарлай алады

Поделиться:

Shares