Қазақстан мектептерінде бұрынғы дәстүрлі жазба жұмыстары қайта оралады. Енді оқушылар екінші сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазады. Оқу-ағарту министрлігі осылайша балалардың сауатты жазуын, сөздік қорын және өз ойын еркін жеткізу қабілетін жақсартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында айтты. Оның сөзінше, бүгінде көптеген оқушы өз ойын қағаз бетіне түсіруге қиналады. Кейбірі қарапайым сөйлем құрауда қате жібереді. Сондықтан мектептерде жазба жұмыстарына қайта көңіл бөлінбек.
«Біз қазіргі мәселе неде екенін түсінеміз. Әр сынып оқушысы белгілі бір мөлшерде кітап оқуы керек. Кейде балалар өз ойын білдіруде қиналады, сондықтан оларға шығарманы жақсы жазуды да үйрету керек», – деді министр.
Жаңа тәсіл бойынша балалар тек дайын жауапты таңдап қана қоймай, өз бетінше мәтін жазуға, ойын жүйелі жеткізуге және қатесіз жазуға жаттығады. Мұғалімдер оқушылардың грамматикалық және тыныс белгілеріне қатысты қателеріне назар аударады.
Бұған дейін білім беру жүйесінде жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілген болатын. Сол кезде дәстүрлі жазба жұмыстарының орнына тест тапсырмалары, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) кеңінен қолданыла бастады.
Алайда жылдар өте бұл жүйенің тиімділігіне қатысты сұрақтар көбейді. Педагогтер балалардың кітапты аз оқитынын, ойын жазбаша жеткізуге қиналатынын айтып жүр. Сондықтан министрлік бұрынғы бағалау тәсілдерін қайта қарауға кірісті.
БЖБ мен ТЖБ-дан да кезең-кезеңімен бас тарту жоспарланып отыр. Олардың орнына диктант, мазмұндама, шығарма және басқа да бақылау жұмыстарына басымдық беріледі.
Дегенмен білім саласындағы кезекті өзгеріс барлық мәселені бірден шешеді деуге болмайды. Оқулықтардың сапасы, мұғалімдердің жүктемесі және балалардың кітап оқуға қызығушылығы да маңызды. Оның үстіне телефон мен әлеуметтік желіге көп уақыт бөлетін оқушыларды тұрақты оқуға және жазуға дағдыландыру оңай емес. Сондықтан дәстүрлі жазба жұмыстарын қайтару кезекті білім реформасы болып қалмай, оқушылардың нақты сауаттылығын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Тағы оқыңыз: «Ифтар» емес, «ауызашар» деп айтайық – ҚМДБ қазақ тіліндегі діни атауларды қолдануға шақырды

