Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін жыл басынан бері 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар, деп жазады Qazaqstan Media.

Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттердің ауыр салдарға әкелетінін ескертеді.

Мектептерге, ауруханаларға және басқа да нысандарға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көбіне мұндай әрекетке оны жай әзіл немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады.

Алайда әрбір осындай хабарламаға тиісті қызметтер шұғыл әрекет етеді. Нысандардан адамдар эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Соның салдарынан мекемелердің қалыпты жұмысы бұзылып, қомақты қаражат пен адам ресурстары жұмсалады.

ІІМ мәліметінше, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Қылмыстық заңнамада бұл әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар кінәлі тұлғалар жедел қызметтердің жұмысына жұмсалған шығындарды қоса алғанда, келтірілген залалды өтеуге міндетті.

Осыған байланысты ІІМ ата-аналарды балалардың интернеттегі белсенділігіне назар аударуға және мұндай әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіруге шақырады.

Полиция азаматтарға тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ал қауіп-қатер туралы хабарламалар алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 576 құқықбұзушы қоғамдық жұмысқа тартылған

Поделиться:

Shares