Солтүстік Қазақстан облысы Қытаймен ғылыми және экономикалық байланысын нығайта түспек. Kozybayev University базасында Орталық Азиядағы алғашқы қазақ-қытай аграрлық ғылыми орталығын құру жоспарланып отыр. Жобаның алғашқы кезеңіне тоғыз миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Бұл туралы өңірде өткен халықаралық бизнес-форумда мәлім болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Форумға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Қытайдың Henan Agricultural Investment Capital компаниясының бас директоры Чэнь Хуайань және Хэнань провинциясынан келген жиырмадан астам аграрлық кәсіпорынның өкілдері қатысты. Кездесуде екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Басты жобалардың бірі – университет жанынан аграрлық ғылыми орталық ашу. Онда қазақстандық және қытайлық ғалымдар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп зерттеп, жаңа технологияларды сынақтан өткізеді. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге басымдық берілмек.

Еске салайық, бұл бастаманың негізі өткен жылы қаланған. Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қытайға барып, Kozybayev University мен Henan Agricultural Investment Capital компаниясы ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты. Бүгінде тараптар сол уағдаластықтарды жүзеге асыруға кірісті.

«Бүгінде біз келісімдерді нақты іске асыру кезеңіне көшіп отырмыз. Жаңа орталық ғалымдарымыз бен қытайлық әріптестерімізге бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және ғылыми әзірлемелерді облыс шаруашылықтарына енгізуге мүмкіндік береді», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бизнес-форум аясында тараптар алдағы серіктестікті дамыту жөніндегі меморандумдарға да қол қойды. Бұл құжаттар бірлескен инвестициялық және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Жаңа орталықтың құрылуы Солтүстік Қазақстан облысының аграрлық ғылымдағы әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығына озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Буллингтің алдын алып, ауыл кәсіпкерлерінің бизнесін дамытады: СҚО-да жасанды интеллект мүмкіндіктері таныстырылды

Поделиться:

Shares