Петропавлда жас өнертапқыштар өздерінің тың идеялары мен технологиялық жобаларын ортаға салды. Облыс орталығында «Qyzyljar FIRST Regional 2026» робототехника жарысының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Білім додасына өңір мектептерінен 60-қа жуық оқушы қатысып, 11 команда өзара бақ сынады. Сайыстың негізгі бағыты – қоршаған ортаны қорғау. Сондықтан қатысушылардың жобалары табиғатқа төнген қауіптің алдын алуға және экологиялық мәселелерді технология көмегімен шешуге арналды.
Петропавлда жас өнертапқыштар бас қосты
«Облыстық кезеңді үш санат бойынша өткізудеміз. “Discovery” санатына – 4-6 жастағы балалар, 6-10 жастағы балалар – “Explore” санатына, 10-16 жастағы балалар “Challenge” санатында қатысып отыр. Атап өтетін жағдай, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары облыс намысын халықаралық кезеңде қорғайды», — деді «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері Әйгерім Мағау.
Жас инженерлердің әр жобасы белгілі бір мәселенің шешімін табуға бағытталған. Облыстық жарыстың жеңімпаздары 2027 жылы өтетін ұлттық чемпионатқа қатысады. Ал онда Орталық Азия елдерінің үздік командалары бас қосады. Халықаралық сайыстың нақты өтетін орны мен уақыты әзірге белгісіз.