Уәлиханов ауданында заманауи IT-жобалардың тек ірі қалаларда ғана дүниеге келмейтінін ауыл жастары дәлелдеді. Мұнда IDEA BATTLE Digital Aimaq байқауы өтіп, оқушылар мен педагогтер он түрлі цифрлық жобасын таныстырды. Олардың қатарында буллингтің алдын алуға арналған детективтік ойыннан бастап, виртуалды химия зертханасына дейін бар. Үздік жобалар авторлары 150 мың теңге көлеміндегі жүлде қорын өзара бөлісті, – деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Тың идеялар мен тың мүмкіндіктер

Цифрлық жобалар байқауы 17 қараша күні аудандық IT-орталықта өтті. Шара аясында стартаптар сайысы мен жергілікті тұрғындарға арналған IT Day ашық есік күні ұйымдастырылды. Айта кетейік, Уәлиханов ауданындағы IT-орталық 2025 жылдың желтоқсанында ашылған. Ол – SKO Hub базасында құрылған екінші заманауи цифрлық орталық. Мұндағы мақсат – ауыл жастарына цифрлық дағдыларды меңгеруге, стартап жобаларын дамытуға және болашақта IT саласында сұранысқа ие маман болып қалыптасуға мүмкіндік беру.

IDEA BATTLE байқауына қатысу шарттары да қарапайым болды. Қатысушыларға қойылған негізгі талап – 14 жастан асу және ауданның цифрлық дамуына үлес қоса алатын тың идея ұсыну. Осылайша, он команда сарапшылар алдында өз жобаларын қорғап, олардың өміршеңдігін дәлелдеуге тырысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудағы басты мақсат – жеңімпаздарды анықтап, ақшалай сыйлық табыстау ғана емес. Ең маңыздысы – жас өнертапқыштарға кәсіби кері байланыс беріп, бастапқы идеяны нақты өнімге айналдыру жолын көрсету.

«Жастар тыңнан ой түюге, командамен жұмыс істеуге, өз идеяларын сауатты таныстыруға және өзекті мәселелердің шешімін табуға үйренеді. Бүгінде шағын болып көрінетін идеяның өзі ертең толыққанды цифрлық өнімге айналуы мүмкін», – дейді KEN DALA | Digital & Creative Center директоры Дархан Ахметов.

Байқаудың бас жүлдесі мен 70 мың теңге көлеміндегі сыйақы Кішкенекөл орта мектебінің №1 педагог-психологі Ажар Егімбаеваға бұйырды. Ол буллингтің зияны туралы дәстүрлі дәрістердің орнына «Дело № 715–42» атты интерактивті детективтік-психологиялық ойын әзірлеген. Оқиға Кішкенекөл ауылының көшелерінде өрбиді. Ойын барысында жасөспірімдер буллинг, кибербуллинг және интернеттегі қауіп-қатер тақырыптарын қауіпсіз ортада талдап, түрлі жағдайлардың мәнін түсіне алады.

Екінші орын мен 50 мың теңге дәл осы мектептің 14 жастағы оқушысы Ислам Исеновке берілді. Жас әзірлеуші TAZHIRIBE білім беру платформасын ұсынды. Бұл – ғылыми форум мен 2D және 3D модельдері, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі виртуалды зертхананы біріктірген жоба. Платформа арқылы оқушылар физика, химия, биология және география пәндерінен тәжірибелер жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Оның артықшылығы – мектепте қажетті құрал-жабдықтар мен реактивтер жеткіліксіз болған жағдайда да виртуалды ортада тәжірибе жасауға мүмкіндік бар.

Үшінші орынды AI Batyr жобасымен Маржан Шарипова иеленіп, 30 мың теңге сыйақы алды. Оның идеясы – туған өлкенің тарихын цифрлық форматта сақтап, кейінгі ұрпаққа қолжетімді ету. Жоба аясында өңірдің танымал тұлғалары туралы архивтік және музейлік деректер цифрландырып, арнайы чат-ботқа енгізіледі. Осылайша, оқушылар тарихи мәліметтерді қағаз стендтерден емес, жасанды интеллект көмегімен интерактивті форматта меңгере алады. Жеңімпаздар өз жобаларын тек идея күйінде қалдырмай, алдағы уақытта толыққанды іске қосуды жоспарлап отыр.

Жасанды интеллект – ауыл кәсіпкерлеріне көмекші

Стартаптар сайысынан кейін IT-орталықта IT Day ашық есік күні жалғасты. Қонақтарға Digital Aimaq аудандық орталықтар желісінің жұмысы таныстырылып, мұнда цифрлық сауаттылықтан бастап, нейрожелілерді пайдалану мен цифрлық шығармашылыққа дейінгі бағыттар бойынша білім алуға болатыны көрсетілді.

Шараның тағы бір маңызды бөлігі кәсіпкерлікті дамытуға арналды. «Даму» қорымен бірлесіп ұйымдастырылған Digital Tabys модулінде ауыл кәсіпкерлеріне онлайн сауда мен маркетплейстер арқылы өз өнімдерін жергілікті нарықтан тыс жерлерге шығарудың жолдары түсіндірілді. Қатысушылар интернеттен тұтынушы табу, тауарды тиімді таныстыру және жасанды интеллект көмегімен жарнамалық контент әзірлеу тәсілдерімен танысты.

«Digital Tabys жобасының басты мақсаты – заманауи цифрлық технологиялардың шағын елді мекендерде де кәсіпкерлікті дамытуға, өткізу нарығын кеңейтуге және қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін қолжетімді құрал екенін көрсету», – дейді SKO Hub директоры Нұргүл Булатова.

Күннің қорытындысында қатысушыларға арналған интерактивті IT-квест ұйымдастырылып, SKO Hub брендтік сыйлықтары ойнатылды. Жалпы, Digital Aimaq жобасы қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға бағытталған. Аудан орталықтарындағы IT-хабтар жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне, тың жобаларды жүзеге асыруына және жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жетілдіруіне жол ашып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға ерекше назар аударды. Президент автоматтандырудың жекелеген жобаларынан ауқымды цифрлық трансформацияға көшу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Бұл ретте білікті мамандар даярлау, ғылымды дамыту және заманауи технологияларды өмірдің барлық саласына енгізу маңызды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда кола, энергетик ішкен ер адам 12 күн жансақтау бөлімінде жатты

Поделиться:

Shares