Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында еңбек жолын ауылдан бастаған екі жас медицина қызметкеріне 1,5 миллион теңге көтермеақы төленді. Қаржылай қолдау аудандық аурухананың өз қаражаты есебінен көрсетілді. Мұндай бастама шалғай елді мекендерге жас мамандарды тартуға және оларды ауылда тұрақтандыруға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Алмагүл Исина биыл Қарағанды медицина университетін тәмамдап, үлкен қалаларда қалудың орнына туған жеріне оралуды таңдаған. 24 жастағы дәрігер Аққайың ауданының Ленинское ауылында дүниеге келген. Шілде айынан бастап осы ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда жалпы практика дәрігері болып жұмыс істейді.

Ауылға барған екі жас медицина маманына 1,5 млн теңге көтермеақы төленді
Ауылға барған екі жас медицина маманына 1,5 млн теңге көтермеақы төленді

Жас маманға аудандық аурухана тарапынан бір миллион теңге көлемінде біржолғы көтермеақы берілді. Алмагүл мұндай қолдаудың еңбек жолын енді бастаған дәрігер үшін маңызы зор екенін айтады.

«Мен бүгін бір миллион теңге көтермеақы алдым. Аудандық ауруханаға алғысымды білдіремін. Бұл тек материалдық көмек емес, әрі қарай жұмыс істеп, кәсіби тұрғыдан дамуыма үлкен ынталандыру», – деді Алмагүл Исина.

Ауыл медицинасын таңдаған тағы бір жас маман – 19 жастағы Виктория Клих. Ол Аққайың ауданының Қиялы ауылында туған. Биыл Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, фельдшер біліктілігін алған. Жас маман шілде айының соңында Шағалалы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа орналасқан. Қазір учаскелік фельдшер қызметін атқарады. Оған 500 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Ауылға барған екі жас медицина маманына 1,5 млн теңге көтермеақы төленді
Ауылға барған екі жас медицина маманына 1,5 млн теңге көтермеақы төленді

«Мен 500 мың теңге көтермеақы алдым. Жас маман үшін бұл үлкен қолдау. Еңбегімізді бағалап, осындай мүмкіндік жасағандарға алғыс айтамын», – деді Виктория Клих.

Екі маманға да сертификаттарды Аққайың аудандық ауруханасының директоры Ринат Улмесеков табыстады. Медициналық мекеме басшылығының мәліметінше, қаржылай ынталандыру шарасы шалғай ауылдардағы кадр мәселесін шешуге бағытталған. Өйткені ауылдық жерлерде медицина мамандарын тұрақты жұмыспен қамту және олардың ұзақ мерзім қызмет етуіне жағдай жасау маңызды.

Аудандық аурухана жас кадрларды қолдау арқылы ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздеп отыр. Ал еңбек жолын енді бастаған Алмагүл мен Виктория үшін бұл тек алғашқы жұмыс орны ғана емес, кәсіби тәжірибе жинап, өз өңірінің тұрғындарына қызмет ету мүмкіндігі.

Тағы оқыңыз: Жолдауда айтылған бастамаларды іске асыруға 114,1 млрд теңге қарастырылған

Поделиться:

Shares