Солтүстік Қазақстан облысының гір көтерушілері Латвияда өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті. 14–18 қараша аралығында Рига қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додаға өңірден тоғыз спортшы қатысып, бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Петропавлдағы үстел теннисі орталығында әлем чемпионатында жүлде алған спортшылар мен олардың бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Кездесу барысында олар жарысқа дайындық барысы, бәсекенің ерекшелігі және алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Әлем чемпионатында Виталий Диденко үздік нәтиже көрсетті. Ол серпе көтеру, жұлқа көтеру, ұзын цикл, қоссайыс және үшсайыс бағдарламаларының барлығында жеңіске жетіп, бес дүркін әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар командалық эстафетада күміс медаль иеленді.

Анастасия Беседина серпе көтеру жаттығуында гірді 78 рет көтеріп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Осы нәтижесінің арқасында ол әйелдер арасында абсолютті әлем чемпионы атанды.
Ардагерлер арасында Ерік Әлібаев үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алса, Сергей Гутевич жұлқа көтеру жаттығуында қарсыластарынан озып, әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ Валентина Беседина ұзын циклде алтын, серпе көтеруде қола медаль иеленді. Елена Костенко екі күміс және екі қола жүлде еншіледі. Олег Окс серпе көтеру мен ұзын циклде күміс медальға қол жеткізді. Ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Максим Курочкин жұлқа көтеру бағдарламасында өнер көрсетті.
Баспасөз мәслихаты барысында спортшылар мен бапкерлердің еңбегі де ескерусіз қалмады. Салтанатты рәсімде бірқатар спортшыға мемлекеттік спорттық атақтар табысталды. Атап айтқанда, Сергей Гутевичке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Елена Костенко мен Олег Окс «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атанса, Валентина Беседина «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды.
Бес дүркін әлем чемпионы Виталий Диденко жарысқа дайындық барысы мен қарсыластары туралы өз әсерімен бөлісті.
«Қарсыластарым кіл мықтылар болды. Украина, Англия, Литвадан және Латвия елінің спортшылары маған лайықты қарсылық көрсетті. Мен 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Бәсі биік додаға ақпаннан бері дайындалдық. Жаттығудан бір рет болсын қалған емеспін», – деді гір көтеру спортынан бес дүркін әлем чемпионы Виталий Диденко.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда емхана қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін көтеру ұсынылды

