Облыста дүкендер, дәмханалар мен басқа да кәсіпкерлік нысандарындағы маңдайшалар мен жарнамалардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына мониторинг жүргізілді. «Сауатты көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз» акциясы аясында 486 нысан қамтылып, 243 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Акция обылстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылды. Оны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының СҚОФ жүзеге асырды.

Сәуірден қазанға дейін мамандар Петропавл қаласы мен облыстың төрт ауданындағы кәсіпкерлік нысандарын аралап, сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттың тіл заңнамасына сәйкестігін зерделеді.

Петропавлда Пушкин, М.Жұмабаев, Қазақстан Конституциясы және К. Сүтішев көшелеріндегі 72 нысан қамтылды. Онда 37 заң бұзушылық тіркелді. Жамбыл, Интернационал көшелері мен вокзал маңындағы 105 нысанның 61-інде кемшілік анықталды. Ал  Назарбаев, Абай және Әуезов көшелеріндегі 92 нысан бойынша 52 заң бұзушылық белгілі болды.

Мониторинг ауылдық жерлерде де жалғасты. Ақжар ауданында 51 нысанның 17-сінде, М. Жұмабаев ауданында 55 нысанның 28-інде қате табылды.  Айыртау ауданында 61 нысанның 22-сінде, Шал ақын ауданында 50 нысанның 26-сында заң талаптарына сәйкес келмейтін көрнекі ақпарат анықталды.

«Акция барысында мемлекеттік тілдегі жазбалардың болмауы, ақпараттың тек орыс тілінде берілуі және аударма талаптарының сақталмауы сияқты мәселелерге назар аударылды»,-дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының СҚОФ төрағасы Жанат Мұхамеджанов.

Заң талаптарын орындамағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, көрнекі ақпаратты орналастыру ережелерін алғаш рет бұзғандарға ескерту жасалады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, кәсіпкерлік субъектісіне  5-тен 25 АЕК  дейін айыппұл салынуы мүмкін. Мониторинг барысында бірқатар нысандағы кемшіліктер түзетілген.

СҚО-да түрлі нысандардағы көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы тексерілді
СҚО-да түрлі нысандардағы көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы тексерілді

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде орналастырылуы тиіс. Қажет болған жағдайда ақпарат орыс және басқа тілдерде де берілуі мүмкін. Ал жарнамалық мәтіндер орфографиялық нормаларға сай жазылып, аудармада бастапқы мағынасы сақталуы қажет»,- деп түсіндірді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары.

Акция қорытындысы бойынша Петропавлда кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.  Кездесуде мониторинг нәтижелері талқыланды.  Мемлекеттік тілде көрнекі ақпаратты сауатты ресімдеу, заң талаптарын сақтау және анықталған кемшіліктерді түзету мәселелері қаралды.

Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қала мен аудандардағы көрнекі ақпараттың сапасын арттыру. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданысын кеңейту.

Тағы оқыңыз: Қайрат Жангужинов: Президент Жолдауы ауыл дамуына серпін береді

Поделиться:

Shares