Петропавлда есірткіге мас күйде көлік басқарған 46 жастағы қала тұрғыны жауапқа тартылды. Ол түнгі уақытта емес, кешкі сағат 20:00 шамасында полиция рейді кезінде ұсталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға Кеншинбаев пен Астана көшелерінің қиылысында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері «Audi» маркалы автокөлікті тексеру барысында жүргізушінің бойынан күдік тудыратын белгілерді байқаған. Атап айтқанда, оның көз қарашықтары жарыққа реакция бермеген.
Осыдан кейін ер адам облыстық наркологиялық орталыққа жеткізілді. Медициналық куәландыру оның каннабиноидтардың әсерінен есірткіге мас күйде болғанын растады. Жүргізушінің өзі марихуана қолданғанын мойындаған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
«Жыл басынан бері Петропавлда мас жүргізушілердің кінәсінен алты жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан жеті адам жарақат алған, – деді Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық студенттер жасанды интеллект көмегімен экологиялық проблемаларды шешудің жолдарын ұсынды

