20-22 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның барысында 955 құқық бұзушылық тіркелді. Ішінде мас күйде көлік басқару, дәмханадағы жанжал, машинаны жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеу бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Сенбіге қараған түні полицейлер «102» арнасына тұрғындар жиі хабарласатын дәмханалардың бірін тексерді. Рейд барысында полиция қызметкерлерінің заңды жұмысына кедергі келтіру және қоғамдық орынға мас күйінде келу деректері анықталды. Тәртіп сақшылары дер кезінде араласып, келушілер арасындағы жанжалдың алдын алды.

Үш күнге созылған профилактикалық іс-шараға облыс бойынша 750-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жұмылдырылды. Осы уақыт ішінде 955 заң бұзу фактісі анықталды. 

Әсіресе, жолдағы тәртіп алаңдаушылық туғызды. Ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, кейбір жүргізушілер қауіпсіздік талаптарын елемеген. Полицейлер мас күйінде көлік басқарған 17 адамды анықтады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзудың 64 дерегі тіркелді.

Мәселен, Петропавлдағы Фурманов көшесінде тәртіп сақшылары Mazda автокөлігін тоқтатты. Рөлде отырған 30 жастағы қала тұрғыны мас болған. Оның үстіне көлік басқару құқығы да болмаған.

Ал 42 жастағы тағы бір петропавлдық Volkswagen көлігін жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Бұған қоса, автокөліктің техникалық байқаудан өту мерзімі аяқталғаны анықталды.

«Үш күн ішінде тиісті құжаттарсыз көлік басқарған 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мас жүргізушілерді анықтау және қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіледі», – деп хабарлады СҚО полиция департаментінен.

Көктайғақ қаупіне байланысты облыс орталығында қосымша қауіпсіздік шаралары да қабылданды. Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және жолда барынша сақ болуға шақырады. Тәртіп сақшылары «Заң мен тәртіп» қағидаты барлық азаматқа бірдей қолданылатынын еске салды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да артемия салина шаяндарын ұрлаған көрші облыстың екі тұрғыны сотталды

Поделиться:

Shares