Қазақстанда мобильді интернеттің сапасын арттырып, байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары күшейтіледі. 2027 жылдың соңына дейін 3G технологиясынан толық бас тартып, оның орнына 4G және 5G желілерін дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиeв мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Министрдің айтуынша, соңғы екі жылда елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/секундқа дейін өскен. Ал телекоммуникация саласына биыл кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда бұл бағытқа салынатын қаржының жалпы көлемі 1,3 трлн теңгеден аспақ.

Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту да күн тәртібінен түскен жоқ. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісі 3704 ауылға жеткізіледі. Бұл – республикадағы ауылдардың жалпы санының 61 пайызы. Ал келесі жылы тағы 1863 елді мекенді қосу жоспарланған. Осылайша, ауылдардың 92 пайызы талшықты-оптикалық интернетке қол жеткізеді. Қалған 8 пайызы спутниктік байланыс арқылы қамтылады.

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартады
Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартады

«Сонымен қатар қолданыстағы 3G базалық стансалары кезең-кезеңімен 4G технологиясына көшіріледі. Ал 5G желісінің қамту аумағы кеңейтіледі. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына қарай 4G желісі 5291 ауылда қолжетімді болуы тиіс. 5G технологиясы 70 қала мен 300 ауылға енгізіледі», — деді министр.

Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды мобильді байланыспен қамту міндеті тұр. Бұл үшін 500-ден астам антенна құрылысын салу қажет.

Тағы оқыңыз: Тәуелсіздік күні мен Жаңа жылда қанша күн демаламыз?

Поделиться:

Shares