Биыл желтоқсан айында бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететіндер 22 күн жұмыс істеп, тоғыз күн демалады. Ал алты күндік жұмыс кестесімен істейтіндерге бес күн демалыс беріледі.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Мереке аптаның ортасына сәйкес келетіндіктен, қазақстандықтар бір күн ғана демалады. Желтоқсанда демалыс күндерін ауыстыру қарастырылмаған.
Еске сала кетейік, 2022 жылдан бастап Тәуелсіздік күні бір күн ғана аталып өтеді. Бұған дейін 16 және 17 желтоқсан демалыс болатын. Сондай-ақ 1 желтоқсан – бұрынғы Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталғандықтан, биыл да жұмыс күні болып саналады.
Жаңа жылда қанша күн демаламыз?
30 және 31 желтоқсан жұмыс күндері болып қала береді. Заңнамада мереке қарсаңындағы жұмыс уақытын міндетті түрде қысқарту қарастырылмаған. Дегенмен жұмыс берушілер өз шешімімен қызметкерлеріне қысқартылған жұмыс күнін немесе қосымша демалыс белгілей алады.
2027 жылдың алғашқы күндері қазақстандықтарды қатарынан төрт күндік демалыс күтіп тұр. Бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететіндер 1-4 қаңтар аралығында демалады. Сондай-ақ 7 қаңтарда Рождество мерекесіне байланысты жұмыс істемейді.
Ал мектеп оқушыларының қысқы демалысы 28 желтоқсанда басталып, 2027 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады. Осылайша, балалар екі апта демалады.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық ұстаздар Президент Жолдауындағы бастамаларды қолдайды

