Қазақстанда Aitu ұлттық мессенджерінің мүмкіндіктері кеңейтіліп, оны мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысына енгізу жеделдетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Үкімет басшысы Aitu-ды тек хабар алмасу құралы ретінде емес, мемлекеттік және өзге де цифрлық қызметтерді біріктіретін ұлттық экожүйе ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер қызметтік ақпарат алмасу кезінде осы платформаны тұрақты пайдалануы керектігін айтты.
«Aitu – жай мессенджер емес. Біз ұлттық экожүйе құруымыз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер күн сайын Aitu мессенджерін пайдалануы тиіс, қызметтік ақпарат тек осы ұлттық мессенджер арқылы өтуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бүгінде Aitu платформасында жеті миллионға жуық адам тіркелген. Күн сайын сервисті 350 мыңға дейін адам пайдаланады. Айта кетейіе, мессенджерді пайдаланған кезде мобильді интернет трафигі үшін ақы алынбайды.
Қазір платформада eGov ChatGPT сервисі де қолжетімді. Оның көмегімен 55 мемлекеттік қызметті тікелей Aitu арқылы алуға болады. Жыл соңына дейін электронды үкіметтегі сұраныстардың 75-80 пайызын ұлттық мессенджерге интеграциялау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары жұмыс барысында Aitu Workplace платформасын пайдалана бастаған.
Тағы оқыңыз: Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартады

