Қазақстанда педагогтердің еңбек құқықтарын қорғауға және кәсіби қызметіне қатысты мәселелерді жедел шешуге арналған жаңа байланыс орталығы жұмысын бастады. Енді ұстаздар 1472 нөмірі арқылы өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, қажетті кеңеске жүгіне алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жаңа қызмет Оқу-ағарту министрлігінің «Ұстаз» платформасы аясында іске қосылды. Бұл туралы ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, байланыс орталығы педагогтердің өтініштерін бір арнаға жинақтап, мәселелерді шешуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Мұғалімдер еңбек қатынастары, жалақы мен қосымша төлемдердің есептелуі, жұмыс жүктемесі, құжат айналымы және есептілік мәселелері бойынша хабарласа алады. Сондай-ақ мектеп басшылығымен немесе оқушылардың ата-аналарымен туындаған келіспеушіліктерге қатысты кеңес алуға болады. Бұдан бөлек, педагогтер әдістемелік қолдау мен кәсіби құқықтарына байланысты сұрақтарын да жолдай алады.», — деді министр.

Орталық мамандары өтініштерді қарап, мәселені шешудің жолдарын түсіндіреді. Бұл ретте азаматтардың жеке деректері мен өтініштерінің құпиялылығы сақталады. Қазіргі уақытта 1472 байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Мамандар жүйенің тұрақтылығын тексеріп, техникалық кемшіліктерді реттеуде. Толыққанды жұмыс тәртібіне көшу сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін жоспарланған.

Жаңа қызметтің басты мақсаты – мұғалімдердің заңды құқықтарын қорғау, еңбек жағдайына қатысты мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың кәсіби қызметіне қолдау көрсету.

Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметкерлер Aitu мессенджерін күнде пайдалануы тиіс

Поделиться:

Shares