Демалыс күні елімізде ел чемпионатының 20-тур ойындары өтті. Оның аясында «Қызылжар» футбол клубы «Ақтөбеден» басым түсті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ойын басталмай тұрып қонақ команда матч фавориті саналды. Себебі, турнирлік кестенің төртінші сатысында тұрды. Бірақ, бұл жерлес қырандарға еш кедергісін келтірмеді.
Ойын басында солтүстікқазақстандықтар шабуылға лап қойып, небәрі екінші минутта есепті ашты. Гол авторы — команда капитаны Евгений Макаренко. Бірақ, бірінші таймның соңына қарай қонақтар есепті теңестіріп кетті.
Екінші тайм белсенді басталды. Ойынның 62-минутында «Ақтөбе» қорғаушысы Темірлан Ерланов екінші сары қағазын алып, ойыннан қуылды. Бұл жергілікті теңбіл доп шеберлері үшін зор мүмкіндік еді. Тиісінше қырандар оны ұтымды пайдаланып, матч соңында қарсылас қақпасына екі жауапсыз гол соқты. Ойын үш те бір есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Осы жеңістен кейін «Қызылжар» футбол клубы турнирлік кестеде тоғызыншы сатыға көтерілді. Қоржында 22 ұпай бар. Қырандар енді сегізінші тамыз күні өскемендік «Алтайға» қонаққа барады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да күздік дақылдардың 64 пайызы жиналды

