Солтүстік Қазақстан облысында күзгі егін жинау науқаны басталды.  Биыл өңірде 4,3 млн гектар алқаптың өнімі жиналуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен СҚО-ға келіп, шаруалардың науқанға дайындығын тексерді, деп жазады Qazaqstan Media.

Министр Ғабит Мүсірепов ауданындағы бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорнын аралап, егіс алқаптарын көрді және шаруашылық басшыларымен кездесті. Алқаптардың бірінде «Омская-35» сұрыпты бидай өсіріліп жатыр. Биыл оның орташа өнімділігі гектарына 30 центнерге жеткен. Шаруалармен кездесуде егінді уақытында жинап алу, дизель отынымен қамтамасыз ету және техниканың дайындығы сөз болды. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, шаруаларға жеңілдетілген қаржы мен арзандатылған дизель отыны беріліп жатыр. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, оған қажетті сервистік қызмет көрсетілуде.

«Ендігі міндет – астық жинау науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, жиналған өнімнің ысырапсыз сақталуын және астық сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету», – деді министр.

Айдарбек Сапаров «Нежинка-Ерке» серіктестігінің сүт фермасына да барды. Заманауи кешен 800 бас ірі қараға арналған. Шаруашылықтың қарамағында 28,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Биыл оның 15,6 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақты, 3,8 мың гектарына майлы, тағы 1,9 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілген. Кәсіпорында 37 комбайн мен 60 трактор бар.

Жалпы биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,3 млн гектар жерден өнім жиналады. Соның 2,9 млн гектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Майлы дақылдардың көлемі де айтарлықтай өскен. Биыл олар 1,3 млн гектарға егілді. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Қазір облыста күздік дақылдарды жинау жүріп жатыр. Олардың алқабы былтырмен салыстырғанда төрт есе көбейіп, 11,4 мың гектарға жеткен. Бүгінде 7,2 мың гектар, яғни 64 пайызы жиналды. Диқандар жасымық, асбұршақ, бидай, арпа мен сұлыны жинауға да кірісті. Егін орағына 6,6 мың комбайн дайындалған. Оның 4 мыңы – жоғары өнімді техника. Бұдан бөлек, шаруалардың қолында 10,3 мың трактор мен 4,3 мың жатка бар.

Сапар соңында Айдарбек Сапаров шаруаларға өнімділікті арттыруға, жаңа технологияларды көбірек қолдануға және мал шаруашылығын дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Тағы оқыңыз: СҚО тұрғындары Құрылтай сайлауында өз сайлау учаскесін қалай біле алады?

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *