Петропавл тұрғыны ұлын асырауға арналған 1,5 млн теңгеден астам алиментті төлемей, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оның бірнеше жыл бойы баласының өміріне де араласпағанын анықтады, деп жазады Qazaqstan Media.
Сот мәліметінше, ер адам сот шешімімен баласына алимент төлеуге міндеттелген. Алайда ол бұл міндетін орындамай, 1,5 млн теңгеден астам қарыз жинаған. Тергеу барысында оның жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндігі болғанына қарамастан, ресми жұмысқа орналаспағаны, жұмыспен қамту орталығына жүгінбегені және алимент төлеуден жалтарғаны анықталды.
Бұған дейін де ол алимент төлемегені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, осы қылмыс бойынша тараптардың татуласуына байланысты бір рет қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Бірақ содан кейін де тиісті қорытынды шығармаған.
Сот 2021 жылдан бері ер адамның ұлымен мүлде байланыс орнатпағанын, тәрбиесіне қатыспағанын және баласының денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпағанын да ескерді.
Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Осыған дейін біз жыл басынан алимент төлемеген жеті адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.
Тағы оқыңыз: 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент төлеу тәртібі өзгереді

