Айыртау ауданында жүзеге асып жатқан «Баян» вольфрам кен орнын игеру жобасы кезінде инвестордың мердігер ұйымы егістікке зиян келтірген. Келтірілген шығын 640 мың теңгені құрады, деп жазады Qazaqstan Media.
Геологиялық барлау жұмыстары барысында «Баян» вольфрам кен игеру инвесторының мердігері «Саумалкөл Агро» ЖШС-нің дәнді дақылдарына зақым келген. Осыдан кейін жер пайдаланушы мен жобаны іске асырып жатқан «Ресурс-2018» ЖШС арасында дау туындаған. Бұл құны 47,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобаның жүзеге асуына кері әсер етуі мүмкін еді.
Мәселеге Айыртау ауданының прокуратурасы араласып, екі тараптың қатысуымен кездесу өткізген. Нәтижесінде инвестор келтірілген шығынды толық өтеуге келісті. Ал «Саумалкөл Агро» ЖШС инвесторға қатысты талабы жоқ екенін растап, геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға келісім берді.
Осылайша дау сотқа жетпей шешіліп, өңірдегі ірі инвестициялық жобаның жұмысы жалғасын тапты. Жоба толық іске қосылғаннан кейін онда 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кене шаққан әйелден сирек инфекция анықталды

