Солтүстік Қазақстан облысында кене шаққан әйелден дақ безгегі (Rickettsia Siberica) анықталды. Жалпы биыл кене шаққан 711 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген, деп жазады Qazaqstan Media. 

Солтүстік Қазақстан облысында кене шаққан әйел жұқпалы аурулар ауруханасына дене қызуы көтеріліп, қатты басы ауырып, әлсіздік пен шаққан жерінің қызаруына байланысты түскен. Белгілі болғандай, бірнеше күн бұрын әйелдің денесіне кене жабысқан. Ол бірден дәрігерлерге барып, кенені алдыртып, жарасы өңделген. Алайда біраз уақыттан кейін қалтырау, дене қызуы және жалпы әлсіздік пайда болған.

Науқас тұрғылықты жеріндегі емханаға жүгініп, кейін жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер оған Rickettsia Siberica бактериясынан туындайтын дақ безгегі диагнозын қойған. Қазір әйел ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы жақсарып келеді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде кене белсенділігі жалғасып жатқанын ескертті. Биыл кене шаққаннан кейін 711 адам медициналық көмекке жүгінген.

Мамандардың айтуынша, кене арқылы тек сібірлік кене сүзегі ғана емес, кене энцефалиті сияқты қауіпті аурулар да жұғуы мүмкін. Бұл ауру ми мен жұлынға зақым келтіріп, ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал. Егер кене жабысып қалса, оны абайлап алып, шаққан жерді антисептикпен өңдеп, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Қажет болған жағдайда алғашқы 72 сағат ішінде арнайы иммуноглобулин егіледі.

Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққаннан кейін дене қызуы көтерілсе, әлсіздік, қызару немесе бөртпе пайда болса, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну керек. Ерте басталған ем аурудың ауыр асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Меңкесер көліне демалуға барған 63 жастағы әйел қайтыс болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *