Уәлиханов ауданының прокуратурасы Бас прокуратураның «Айқын нәтиже» бастамасы аясында тиімді жұмыстар атқарып жатыр. Соның нәтижесінде Уәлиханов ауданындағы Көктерек, Амангелді және Қаратерек ауылдары «Алкогольсіз ауыл» бастамасына қосылды. Осылайша ауданда мұндай ауылдардың саны алтыға жетті, деп жазады Qazaqstan Media.
Жоба Бас прокуратураның «Айқын нәтиже» бастамасы аясында жүзеге асып жатыр. Оның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық жанжалдарды азайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жаңа бастамаға қосылу туралы шешімді ауыл тұрғындарының өздері қабылдаған. Көктерек ауылының тұрғыны, дүкен сатушысы Күләш Қажкенова бұл бастаманы қолдайтынын айтады.
«Мен жеке кәсіпкер Биляловтың дүкенінде сатушы болып жұмыс істеймін. Бізде арақ-шарап сатылмайды. Көктерек ауылының «алкогольсіз ауыл» болғанын толық қолдаймын», — дейді Күләш Қажкенова.
Ауыл тұрғыны Ерғали Азмағанбетовтің айтуынша, елді мекен тұрғындары бұл шешімді бірауыздан қолдап отыр.
«Алкогольсіз ауыл» деген бастаманы ауыл азаматтары 100 пайыз қолдап отыр. Елдің тыныштығы мен бірлігі тәртіптен басталады. Сондықтан бұл игі істі қолдаймыз», — дейді Ерғали Азмағанбетов.
Жобаға қатысатын елді мекендерде спирттік ішімдіктерден ерікті түрде бас тарту және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Уәлиханов ауданының прокуратурасы бұл жұмысты уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарып жатыр.
Бастаманың негізгі мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, алкогольге байланысты құқық бұзушылықтарды азайту және тұрғындарды салауатты өмір салтына ынталандыру.
Тағы оқыңыз: Назарбаев университеті мен Қозыбаев университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

