Астанада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды. Елорда тұрғындары ет, картоп, көкөніс, сүт және басқа да азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан сатып ала алады. Екі күндік жәрмеңкеге өңірден мың тоннадан астам өнім жеткізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
17-18 қазан күндері өтетін жәрмеңке «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылды. Оған Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданы мен Петропавл қаласынан 110-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысып жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, елордаға ең көп жеткізілген өнім — картоп пен көкөніс. Оның жалпы көлемі 585 тоннаны құрайды. Сондай-ақ сауда сөрелеріне 221 тонна ұн және макарон өнімдері, 110 тонна ет шығарылған.
Бұдан бөлек, астаналықтарға 44,5 тонна сүт өнімдері, 22 тонна шұжық, 10,5 тонна бал, бес тонна балық және 120 мың дана жұмыртқа ұсынылып отыр. Жалпы жеткізілген азық-түлік көлемі мың тоннадан асады.
Жәрмеңкеде өңірдің танымал кәсіпорындарының өнімдері де кеңінен ұсынылған. Атап айтқанда, «Зенченко и К», «Масло-Дел Петропавловск», «Саумалколь SUT» және «Лера NORD» кәсіпорындарының сүт өнімдерін сатып алуға болады. Ал «Султан ЭММК», «Hikmet LTD», «Agrimer Mamlutka» ұн және макарон өнімдерін жеткізген.
Ет және шұжық өнімдерін «КазМясоПродукт», «ЕМС Агро», «Северный Бройлер» кәсіпорындары ұсынуда. Сонымен қатар жәрмеңкеде жергілікті шаруашылықтар өсірген картоп пен көкөністер, бал және қымыз да сатылып жатыр.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі — азық-түлік бағасының нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен болуы. Бұл елорда тұрғындарына қажетті өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 18 қазан күні де жалғасады. Сауда таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жүргізіледі.

