Солтүстік Қазақстан облысында әрбір екінші жеңіл көліктің жасы 20 жылдан асқан. Өңірде жаңадан шыққан автокөліктерден гөрі ескі машиналар әлдеқайда көп. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінде айтылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 212 725 көлік тіркелген. Оның 168 мыңнан астамы жеңіл автомобильдер. Сондай-ақ өңірде 21 мыңнан астам жүк көлігі, 2 мыңнан астам автобус пен шағын автобус бар.

Статистикаға қарағанда, облыстағы жеңіл көліктердің басым бөлігі ескі. Атап айтқанда, 89 246 автомобильдің шығарылғанына 20 жылдан асқан. Бұл барлық жеңіл көліктің шамамен 53 пайызы. Тағы 40 253 автомобильдің жасы 10 жылдан 20 жылға дейін жетеді. Демек, облыстағы жеңіл көліктердің төрттен үш бөлігінен астамы 10 жылдан бұрын шығарылған.

Ал соңғы үш жылда шығарылған жеңіл көліктер саны небәрі 21 614. Бұл облыстағы барлық жеңіл автомобильдің шамамен 13 пайызы ғана. Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысында 3 983 көлік есепке қойылған. Оның 3 443-і жеңіл автомобиль, 289-ы жүк көлігі, 26-сы автобус пен шағын автобус.

Ел бойынша 2026 жылғы 1 қазанда 6,1 миллионнан астам көлік тіркелген. Оның 5,1 миллионнан астамы жеңіл автомобильдер.  Тек қыркүйек айының өзінде республикада 170 мыңнан астам көлік есепке қойылған. Соның 149,5 мыңнан астамы жеңіл машиналар.

Тағы оқыңыз: Республика күніне орай СҚО-дағы сауда орындарында жеңілдіктер ұсынылады

Поделиться:

Shares