17–18 қазанда Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азия ашық кубогы өтті. Бәсі биік дода жерлесіміз Назгүл Маратова топ жарды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі додаға жеті мемлекеттен 200-ге жуық спортшы қатысты. Назгүл Маратова 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Оның салмағындағы қатысушылардың аз болуына байланысты теріскейлік жарысты бірден жартылай финалдан бастады.
Назгүл жартылай финалда қазақстандық спортшыдан үстем болды. Ақтық сында Әзербайжан елінен келген бұрымдыны жеңді. Айта кетейік, жерлесіміз қос қарсыласын да айқын басымдықпен жеңді.
Қоса кетейік, халықаралық турнир осымен сегізінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Назгүл Маратова осы жеңісінің арқасында рейтингтік ұпайларға ие болды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жеңіл көліктердің жартысынан көбі 20 жылдан асқан

