Ұстаз болу кейде саналы таңдаудан бұрын жүрекке ұялаған бала күнгі арманнан басталады. Қайрат орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Тоқтарқызы Манова үшін де бұл мамандық кездейсоқ таңдау емес. Ол кішкентай күнінен өзін тақта алдында елестетіп, оқушыларға сабақ түсіндіруді армандаған, деп жазады Qazaqstan Media.

«Бала күнімде кешкісін жатып алып, өзімді тақта алдында оқушыларға сабақ түсіндіріп жатқандай елестетіп, армандап ұйықтайтын едім. Сол арман уақыт өте келе өмірлік мақсатыма айналды», — дейді Салтанат Тоқтарқызы.

Жылдар өте оның мұғалімдік мамандыққа деген көзқарасы да тереңдей түскен. Оның пікірінше, ұстаздың міндеті тек өз пәнін үйретумен шектелмейді. Мұғалім әр баланың жүрегіне жол тауып, бойына сенім ұялатып, өмірлік бағыт көрсете білуі керек. Салтанат Манова еңбек ететін Қайрат орта мектебінде  бала саны көп емес. Сондықтан әр оқушының мінезін, қабілетін, білімді қабылдау ерекшелігін ұстаз жақсы біледі.

«Маған шағын мектептің жылулығы өте ұнайды. Мұнда әр бала өз балаңдай, отбасыңның бір мүшесіндей жақын болып кетеді. Осындай ортада мұғалімге ең керегі — әр баланың жан дүниесін сезе білу», — дейді ұстаз.

Оның айтуынша, қазіргі мұғалімге әділдік пен шынайылық, педагогикалық ұстамдылық, төзімділік, кәсіби құзыреттілік пен цифрлық сауаттылық аса қажет. Себебі бүгінгі оқушы бұрынғыдан өзгеше. Олар сұрақ қоюдан қорықпайды, ақпаратты жылдам қабылдайды. Әрбір тақырыптың логикасын және оның өмірде қалай қолданылатынын білгісі келеді. Сондықтан Салтанат Тоқтарқызы математика мен басқа да нақты ғылымдарды құрғақ формула ретінде емес, өмірдегі заңдылықтармен байланыстыра түсіндіруге мән береді.

Ауыл мектебінде математикаға қызығушылық оятқан мұғалім
Ауыл мектебінде математикаға қызығушылық оятқан мұғалім

«Балаға ақпаратты жаттатудан гөрі оның логикалық және сыни ойлау қабілетін дамыту маңызды. Сонымен бірге “сен бұл есепті шығара аласың”, “сенің сұрағың орынды” деп қолдау көрсету арқылы оның өз күшіне деген сенімін арттыру қажет», – дейді ол.

Ұстаз үшін ең қуанышты сәттердің бірі – оқушының бұрын түсінбеген тақырыбын меңгеріп, білімге деген қызығушылығының оянуы. Салтанат Манованың есінде осындай бір оқиғасы ерекше сақталған. Пәнді өте қиын қабылдайтын оқушымен мұғалім жеке жұмыс істеп, тақырыпты басқа тәсілмен түсіндіруге тырысқан. Бір сәтте бала есептің мәнін түсініп, қуана: «Мен түсіндім, бұл өте қызық екен ғой!» деген. Ұстаздың айтуынша, сол кішкентай ғана жетістік оқушының пәнге де, жалпы оқуға да көзқарасын өзгерткен.

«Шағын мектептің артықшылығы да осында. Әр баланың кішкентай болса да жетістігін, өзгерісін көресің. Оның қуанышын өз жүрегіңмен сезінесің. Осындай сәттер мұғалімге ерекше шабыт береді. Балалардың мөлдіреген көздерін көріп, сабақты түсіндіре бастаған кезде ауырғаныңды да ұмытып кетесің. Бар ойың сабақты сапалы жеткізуде болады. Тек қоңырау соғылып, сабақ аяқталған соң ғана “менің басым ауырып тұрған еді ғой” деп есіңе түсіреді екенсің», – дейді ол. 

Салтанат Манова үшін мұғалім еңбегінің нәтижесі тек олимпиададағы жеңістермен немесе жоғары бағамен өлшенбейді. Оның пайымынша, ең үлкен марапат – шәкіртінің ер жетіп, қоғамнан өз орнын тауып, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуы. Ұстаздар күні қарсаңында Салтанат Тоқтарқызы әріптестеріне де жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Ұстаздық – сарқылмас сабыр мен үлкен жүректі талап ететін еңбек. Барша әріптестеріме мықты денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық қуат тілеймін. Сыныпқа кірген сайын сабаққа және балаға деген махаббатымыз ешқашан сөнбесін. Әр сабағымыз шәкірт жүрегіне нұр құйып, олардың биік белестерді бағындырғанын көру бақыты бұйырсын», – дейді Қайрат орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Манова.

Тағы оқыңыз: Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған педагог

Поделиться:

Shares