Акварель, майлы бояу, графика және қолданбалы өнер туындылары. Петропавлда суретші мұғалімдердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Көрме жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Әр суретте автордың өмірге деген көзқарасы, ішкі толғанысы мен шабытынан туған бояу құдіреті айқын көрінеді. Мұғалімдердің туындыларында туған жердің табиғаты, ұлттық құндылықтар мен табиғатты қорғау тақырыптары қамтылған.
«Шараны өткізудегі мақсат — ұстаздардың тек шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ғана емес, олардың шығармашылық қабілетін паш ету. Әр еңбектің астарында терең мән-мағына жатыр. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді, кіру тегін. Келіп тамашалауға ниет білдірушілерге есігіміз әрдайым ашық», — С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы Наталья Чуряк.
Көрмеге өз туындыларын ұсынғандардың қатарында Елена Сафинова да бар. Ол 15 жыл бойы балаларға сурет салуды үйретіп келеді. Осы уақыт ішінде талай жастың өнерге деген құштарлығын оятты. Білікті маман акрил бояуымен жұмыс істегенді ұнатады. Шараға әртүрлі техникада орындалған үш ерекше туындысын әкеліпті.
«Әр күнімнен ләззат аламын. Күнделікті қолданыстағы заттарды үйлестіре отырып көз тартарлық дүние жасағым келеді. Табиғатты бейнелегенді жаным сүйеді. Сурет салғанда бірнеше түс қолданамын. Бояудың әр түрлі болуы адамның көңіл күйіне әсер етеді»,- дейді ол.
Шараға барлығы тоғыз педагог қатысты. Білікті мамандар көрермендер назарына 30-ға жуық туынды ұсынды.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/kembridzhde-botaj-maedenieti-tanystyryldy/

