Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тумасы Айгүл Қыдыбекова 30 жылдан астам уақыттан бері ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді. Ол еңбек жолын туған жері – Жарғайың ауылынан бастап, бүгінде Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте қызмет етіп жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айгүл Амангелдіқызы 1974 жылы Есіл ауданы Жарғайың ауылында дүниеге келген. 1994 жылы алғашқы еңбек жолын осы ауылда бастады. Бір жылдан кейін Өрнек ауылына келін болып түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере бастады. 2017 жылға дейін аталған білім ұясында еңбек етіп, кейін Әлихан Бөкейхан атындағы №25 мектептің ұжымына қосылды.
Ұстаз үшін мұғалімдік – жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным. Ол талай жыл бойы шәкірттеріне қазақ тілін үйретіп қана қоймай, ана тілді құрметтеуге, әдебиетті сүюге, ұлттық құндылықтарды бағалауға баулып келеді.
«Ұстаз болу үшін тек пәнді жақсы білу жеткіліксіз. Мұғалім баланың жанын түсініп, оған сенім арта білуі керек. Әр шәкірттің бойынан жақсы қасиет табуға тырысқан жөн. Себебі ұстаздың айтқан бір ауыз сөзі баланың өміріне әсер етуі мүмкін, – дейді Айгүл Қыдыбекова.
Оның айтуынша, ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкіртінің жетістігі. Бүгінде ардагер ұстаздың үш қызы мен төрт немересі бар. Қыздарының екеуі анасының жолын жалғап, мұғалімдік мамандықты таңдаған. Бұл – Айгүл Амангелдіқызы үшін үлкен мақтаныш.
«Балаларыңның өзің таңдаған мамандықты жалғастырып, ұстаздық жолға түсуі – зор қуаныш. Олар менің мамандығыма деген сүйіспеншілігімді көріп өсті деп ойлаймын»,– дейді кейіпкеріміз.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің өмірден өз орнын тауып, жақсы азамат болып қалыптасуы. Жылдар өтсе де оқушыларының іздеп келіп, ұстазын құрметтеуі оның еңбегінің бағаланғанын көрсетеді.
«Жас мамандарға мамандарға шын жүрекпен сүюді, үнемі ізденіп, жауапкершілікпен еңбек етуді ұсынады. Ал шәкірттерге білім алудан жалықпай, ата-ананың ақылын, ұстаздың еңбегін бағалап, туған жерді, ана тілді және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырамын», — деді ұстаз.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-da-agha-bwyn-oekilderine-tyng-zhobalar-koersetildi/

