Петропавлда полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында түнгі рейд өткізді. Нәтижесінде ересектердің қарауынсыз жүрген 10 жасөспірім анықталып, ата-аналарына айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавл қаласында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізді. Шарада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылды. Шенділер түнгі уақытта көшелерде жүрген 10 жасөспірімді анықтады. Олардың үшеуі 16 жасқа толмаған. Барлық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Жыл басынан үш ата-ана кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үйден тыс жүруіне қайта жол берген. Мұндай заң бұзушылықтар қайталанған отбасылармен профилактикалық жұмыс күшейтіледі», — деп мәлімдеді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полицейлер рейд барысында профилактикалық есепте тұрған 95 адамды тексерді. Сот шешімімен алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынған екі петропавлдық мас күйінде болған.
Рейд барысында полицейлер 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында абаттандыру қағидаларын бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь ішу, ұсақ бұзақылық және отбасылық жанжалдар бар. Дүкендердің бірінде кәмелетке толмаған адамға сыра сатылғаны анықталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да IT-саласындағы үздік жастар анықталды

