Петропавлда Халықаралық жастар күніне орай «Digital North» форумы өтті. Шарада цифрлық технологиялар бойынша өз жобаларын ұсынған жастар марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Іс-шара ғылым, IT, экология, медиа және қоғамдық қызмет салаларында белсенділік танытып жүрген жастарды жиды. Форум TEDx форматында ұйымдастырылып, қатысушыларға түрлі бағыттағы мамандардың пайдалы ақпараты ұсынылды. Сонымен қатар, өз жобалары мен стартаптарын таныстырған үздік қыз-жігіттер арнайы марапатқа ие болды.
«Бүгін біз қоғамдық өмірде белсенділік танытып, ғылымды дамытуға ұмтылып жүрген жастарды қолдап, олардың еңбегін атап өткіміз келеді. Форум Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасымен және SKO Hub орталығымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Форумға шамамен 150 адам қатысуда. Бүгін 10 номинация бойынша үздіктер марапатталады»,- деді «Қазақстанның болашағы үшін» ҚСҰ жоба менеджері Тимур Әлжанов.
Жеңімпаздарды арнайы комиссия іріктеп алған екен. Олардың қатарында медиа, ғылым, экология салаларында еңбек етіп келе жатқан жастар бар. Солардың бірі – Мансұр Омаров. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы маңызды форумға қос бірдей жобасын ұсынған екен.
«Бұл байқауға бастапқыда 2 жобамды ұсындым. Оның біріншісі – Qazdysfont. Жоба дислексия мәселесіне бағытталған. Дислексия – адамның оқу қабілетіне әсер ететін мидың ерекшелігі. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстанда алғаш рет арнайы қаріп әзірледік. Екінші жобам – EcoQ. Бұл – экологиялық мәселелерді сайт арқылы шешуге бағытталған жастардың қауымдастығы. Осы 2 жобаны да командаммен бірге республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдарда қорғадым. Олардың қатарында Алматы қаласында UNICEF ұйымы ұйымдастырған шаралар бар», — деді жеңімпаз.
Тағы оқыңыз: Партиялар өңірлерде еңбекақы, өндіріс және әлеуметтік сала мәселелерін талқылады

