Солтүстік Қазақстанда жаз ыстық әрі құбылмалы болады. Синоптиктер маусымда үсік жүруі мүмкін екенін ескертті. Ал шілде мен тамызда найзағайлы жаңбыр жиі қайталанады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Синоптиктердің болжамынша, маусым айында Солтүстік Қазақстан облысында ауаның орташа айлық температурасы +19…+21°С шамасында болады. Бұл климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары. Әдетте өңірде маусымдағы орташа температура +17,7…+19,0°С аралығында тіркеледі.
Алайда жаздың алғашқы айы тұрақты әрі бірқалыпты болмайды. Мамандардың айтуынша, маусымда ауа райы құбылмалы сипат алады. Түнгі уақытта ауа температурасы кей күндері +5…+10°С-қа дейін төмендесе, енді бір мезетте +12…+20°С-қа дейін жылынады. Күндізгі температура +15…+20°С пен +25…+30°С аралығында ауытқиды.
Синоптиктер әсіресе маусымның алғашқы онкүндігіне назар аудартады. Осы кезеңде өңірге суық ауа массалары енуі ықтимал. Соның салдарынан топырақ бетінде үсік жүру қаупі бар. Бұл әсіресе бау-бақша егіп қойған тұрғындар мен ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды ескерту болып отыр.
Жауын-шашын мөлшері көпжылдық норма шамасында болады деп күтілуде. Кей аудандарда нормадан артық жауын түсуі мүмкін. Сонымен қатар ай бойы жаңбыр мен найзағай жиі қайталанады. Кей кезде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Шілде айында облыста орташа температура +18…+20°С болады деп болжанып отыр. Бұл қалыпты климаттық көрсеткішке жақын. Ал тамыз айында ауа температурасы +17…+18°С шамасында болып, нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.
Синоптиктердің мәліметінше, шілде мен тамызда да жауын-шашын мөлшері норма көлемінде сақталады. Дегенмен өңір аумағында жаңбыр біркелкі түспейді. Кей жерлерде қысқа мерзімді, бірақ қатты нөсер жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Мамандар жаз мезгілінде ауа райының күрт өзгеруі жиілейтінін айтып, тұрғындарға дауылды ескертулерді бақылап отыруға кеңес береді.
Тағы оқыңыз: ҚР Кубогының алғашқы күнінде облыс палуандары екі медаль еншіледі

