Қазақстанда бірнеше пәтері бар азаматтар үшін салықты көтеру ұсынылды. Мамандар бұл бастама тұрғын үй нарығын реттеуі мүмкін екенін айтқанымен, оның жалға алу бағасына әсер ету қаупі бар деп есептейді, деп хабарлайды Qazaqstan Media 31 арнаға сілтеме жасап.
«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова жылжымайтын мүлкі көп азаматтарға салық мөлшерін арттыруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай қадам тұрғын үй нарығындағы бағаның шамадан тыс өсуін тежеп, пәтер құнының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Тәуелсіз сарапшы Диляра Сейтнурованың айтуынша, екі немесе үш пәтері бар азаматтардың бәрін бірдей инвестор деп қарастыру дұрыс емес. Себебі кейбірі баспанасын жалға берсе, енді бірі оны туыстарына беріп немесе болашақта балаларына қалдыру үшін сатып алады.
«Идея жақсы және біз оны қолдаймыз. Бірақ салық заңнамасына сәйкес, тізілімдерді, салық шегін, мүліктің құнын және оның болашақтағы өсімін нақты анықтауымыз керек», – дейді сарапшы.
Жаңа Салық кодексінде құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері үшін салық мөлшерін арттыру қарастырылған. Сонымен қатар биылдан бастап меншікте екі жылдан аз уақыт болған пәтер сатылған жағдайда құн өсімінен табыс салығы төленеді.
Дегенмен мамандардың айтуынша, кейбір сатушылар салықты азайту үшін түрлі тәсілге барады. Мысалы, ақшаның бір бөлігі қолма-қол беріледі, ал сатып алу-сату шартында пәтердің төмендетілген бағасы көрсетіледі.
Салық жөніндегі сарапшы Айдар Масатбаев тұрғын үй нарығындағы бағаны тұрақтандыру үшін пәтер сатып алу кезінде қолма-қол ақшамен есеп айырысуға тыйым салу қажет деп санайды.
«Сонда тараптар нақты бағаны көрсетуге мәжбүр болады. Бұл нарықтың салқындауына әсер етуі мүмкін», – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, пәтерді табыс көзі ретінде сатып алу әсіресе ірі қалаларда жиі кездеседі. Бір және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныстың жоғары болуы да осыны көрсетеді. Мұндай баспаналар көбіне жалға беру үшін немесе алғашқы тұрғын үй ретінде алынады.
Тағы оқыңыз: М.Жұмабаев ауданында мал азығы ұнын өндіретін диірмен кешені ашылды

