23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов қазақстандықтарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды. Оның айтуынша, сайлау — азаматтардың өз ұстанымын білдіріп, елдің болашақ даму бағытын айқындауға қатысуына мүмкіндік беретін маңызды саяси үдеріс, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қоғам белсендісі сайлауға қатысуды тек азаматтық құқық ретінде емес, қоғам алдындағы жауапкершілік тұрғысынан да қарастыру қажет екенін атап өтті. Өйткені Құрылтай құрамын қалыптастыруға сайлаушылар тікелей өз дауысы арқылы қатысады.
«Ертеңгі күннің қандай болатыны бүгінгі шешімімізге байланысты. 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында әрбір азаматтың дауысы маңызды. Бұл — жай ғана дауыс беру емес, елдің даму бағытын бірге айқындауға берілген мүмкіндік», — деді Жанат Мұхамеджанов.
Оның пікірінше, азаматтардың сайлаудағы белсенділігі қоғамның өзекті мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасау арқылы әр адам елдегі саяси үдерістерге қатысты көзқарасын білдіре алады.
«Бұл — қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосу және әр азаматтың үні мен пікірі маңызды екенін көрсету. Сондықтан бейжай қалмай, өз таңдауыңызды жасаңыз. Сіздің дауысыңыз — елдің ертеңгі келбетіне ықпал ететін шешім», — деді қоғам белсендісі.
Жанат Мұхамеджанов азаматтардың сайлау науқанына саналы түрде қатысуы қоғамдағы жауапкершілік пен саяси мәдениеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.
Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Бұл күні сайлаушылар өз учаскелеріне барып, заңнамада белгіленген тәртіппен дауыс бере алады.
Тағы оқыңыз: Дәнекерлеушіден зауыт иесіне дейін: кәсіпкер Бескөлдің көркін өзгертті

