Жамбыл ауданында ұлттық дәстүрді дәріптеген ерекше сайыс ұйымдастырылды. «Жілік жару» деп аталған шараға 150-ден астам адам қатысып, атадан балаға жеткен салттың мәнін жаңғыртты, деп жазады Qazaqstan Media.
Сайыстың мақсаты — халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық өнерге қызығушылықты арттыру және дәстүрдің тәрбиелік мәнін кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Қатысушылар жілік жарудағы ептілігі мен шеберлігін көрсетті. Тартысты бәсеке көрерменнің де қызығушылығын арттырып, шараға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегері 100 мың теңге, екінші орын алған қатысушы 70 мың теңге, үшінші орын иегері 50 мың теңге алды. Жалпы жүлде қоры 220 мың теңгені құрады. Сондай-ақ жүлдегерлер дипломдармен, грамоталармен және медальдармен марапатталды.

«Жілік жару» — жай ғана күш сынасатын сайыс емес. Мұндай шаралар арқылы ұлттық салт-дәстүрдің мәні жас ұрпаққа түсінікті әрі қызықты түрде жеткізіледі. Үлкеннен қалған мұра жаңғырып, ұлттық құндылықтарға деген құрмет арта түседі. Ұлттық дәстүр — ұрпаққа аманат. Жамбыл ауданындағы бұл сайыс соның жарқын көрінісіне айналды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

