Уәлиханов ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған «Қауіпсіз жол» атты профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараны Жастар ресурстық орталығы аудандық полиция бөлімімен және Кішкенекөл кенті әкімдігі мамандарымен бірлесіп өткізді, деп жазады Qazaqstan Media.
Акция барысында ұйымдастырушылар кент тұрғындары мен қонақтарына жол жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Әсіресе, жаяу жүргіншілердің жолдағы сақтығы, балалар қауіпсіздігі және жастар арасында көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Шара аясында қатысушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, бағдаршам талаптарын сақтау, белгіленбеген жерден өтпеу және көлік жүргізу кезінде жауапкершілікті арттыру жөнінде түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар, тұрғындарға жол қауіпсіздігіне қатысты негізгі ережелер жазылған ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды.
«Мұндай акциялардың басты мақсаты — аудан жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен жарақаттану деңгейін төмендету. Өоғам назарын жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне аудару және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу»,- дейді ұйымдастырушылар.
Мамандар жолдағы қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Тұрғындарды жол ережелерін сақтауға шақырды.

