Жаңа талаптар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 13 қазандағы №401 бұйрығымен бекітілді. Енді мемлекет қоныс аударған азаматтың жаңа мекенге тұрақтап, жұмысқа орналасуына басымдық береді. Қоныс аударушылар мен қандастарға тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге 1 625 АЕК көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл 2026 жылғы есеппен 7 миллион теңгеден асады. Бірақ қаржы бірден төленбейді. Ол үшін азамат жаңа өңірде 12 ай қатарынан жұмыс істеуі, әлеуметтік аударымдары болуы және өңірлік қабылдау квотасына енуі қажет.
«Сатып алынатын баспана азамат қоныстанған елді мекенде орналасуы тиіс. Үйдің бағасы сертификат сомасынан төмен болса, мемлекет тек бағаланған құнын өтейді. Жақын туыстарынан немесе жұбайынан үй сатып алуға рұқсат жоқ»,-деп жазылған жаңа бекітілген талапта.
Көшу шығындарына отбасының әр мүшесіне 70 АЕК қарастырылған. Бұл 2026 жылғы мөлшермен 302 750 теңге. Алайда төлем алу үшін жаңа жерде кемінде үш ай жұмыс істеу қажет. Пәтер жалдау және коммуналдық қызмет шығындары да өтеледі. Мұндай қолдау ең көбі 12 айға беріледі.
Жалға алған баспанасына өтемақы алатын азамат алты айлық еңбек өтілін де растауы тиіс. Ал өз үйін сатып алса немесе басқа елді мекенге көшсе, бұл төлем тоқтатылады. Пәтерді басқа адамға жалға беруге де болмайды. Бес жылға жетпей көшіп кетсе, ақшаны қайтарады.
Егер компания азаматты кемінде екі жылға жұмысқа орналастырса, оған 400 АЕК көлемінде субсидия қарастырылған. Бірақ жұмысшының көшу және баспана жалдау шығындарын жұмыс беруші өзі өтейді.
Ал бес жылдан астам мерзімге жұмысқа қабылдаған кәсіпорын тұрғын үй сатып алу шығынының жартысын мемлекет есебінен өтей алады. Субсидия көлемі 1 160 АЕК-тен аспайды. Кейін баспана жұмысшының меншігіне беріледі.
Тағы оқыңыз: Биыл Қазақстанда мүгедектігі бар 10 мың адам жұмысқа орналасты

