СҚО-да есірткі қылмысына қатысты 217 дерек тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 217 қылмыс тіркелді. Заңсыз айналымнан 512 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы полиция департаментінің өкілдері брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірде есірткі сату бойынша 102 дерек тіркелген. Сондай-ақ аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың тоғыз фактісі анықталып, 94 қылмыстық теріс қылықтың жолы кесілді. Бұдан бөлек, есірткі контрабандасына қатысты үш дерек анықталды .
Жедел-іздестіру шаралары барысында Ақмола және Алматы облыстарында есірткі өндіретін екі жасырын зертхана жойылды. Заңсыз айналымнан 512 келі 800 грамм есірткі тәркіленді. Оның тоғыз келіге жуығы – синтетикалық есірткі. Қазіргі уақытта тыйым салынған заттарды таратуда интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер жиі қолданылады. Полиция қызметкерлері мұндай әрекеттердің алдын алу мақсатында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 1250 сілтемені бұғаттады.
Сонымен қатар, «Антифрод» ақпараттық жүйесіне құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған қазақстандық банк карталары туралы 642 мәлімет жолданды. Олар бойынша күмәнді операциялардың жалпы сомасы шамамен төрт миллион теңгені құрады.
СҚО-да есірткі қылмысына қатысты 217 дерек тіркелді
«Есірткі қылмысының алдын алу жұмыстары да күшейтілген. Жыл басынан бері облыста мыңға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оған мектептердің жоғары сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының 65 мыңға жуық студенті қатысты. Жастарға есірткіні сақтау мен сатқаны үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ интернеттегі жеңіл табыс туралы күмәнді ұсыныстардың қаупі түсіндірілді», — деді Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Нұрислам Ілесов.
Бұдан бөлек, ресми ақпараттық ресурстарда есірткі саудасына қатысты ұсталған адамдар туралы 45 материал, сот үкімдері жөнінде 13 жарияланым шықты. Ал есірткінің тұтынылуы мен заңсыз таралуының алдын алуға арналған 250-ге жуық ақпараттық материал орналастырылды. СҚО-дағы ең жас есірткі жасырушы — 17 жаста. Ал ең жас тұтынушы — 14 жаста