Қазақстанда жыл басынан бері 10,8 мың мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмысқа орналасса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.

Бірінші қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың адам жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Мемлекет қолдауымен 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. Ал 495 азамат «Жастар практикасы» бағдарламасына, тағы 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысқан.

«Биыл мүгедектігі бар азаматтарға арналған 16 мыңнан астам жұмыс орнына квота белгіленді. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы тетік аясында шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жұмыс орындары да ашылып жатыр. Қазан айының басындағы жағдай бойынша елімізде осындай 47 орын құрылған. Оның 25-і есту қабілеті бұзылған, 12-сі көру қабілетіне жақым келген, ал 10-ы тірек-қимыл аппаратында кінәраты бар азаматтарға арналған», — деп хабарлады бейінді министрлік.

Сонымен қатар мемлекет мүгедектігі бар адамдардың кәсіби білім алуына және кәсіп ашуына қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 578 адам жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған.

Тағы оқыңыз: Петропавлда 80-ге жуық студент тарих бойынша білімдерін сынады

Поделиться:

Shares