Республика күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының сауда орындарында мерекелік жеңілдіктер ұсынылып жатыр. «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары аясында тұрғындар азық-түлік пен өзге де тауарларды төмендетілген бағамен сатып ала алады. Науқан 27 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жалпыұлттық акцияға Қазақстан бойынша 649 сауда нысаны қосылған. Оның ішінде 232 сауда орталығы мен сауда үйі «Republic Day» бастамасын қолдаса, «Bereke Fest» науқанына 417 дүкен қатысады. Шара аясында жекелеген тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысында да мерекелік науқанға белсенділік жоғары. Қазір өңірдегі 10 сауда орнында «Republic Day», ал 14 нысанда «Bereke Fest» акциясы өтіп жатыр. Жергілікті сауда орындарында тауарлардың кейбір түрін 30 пайызға дейін арзан бағаға алуға болады.
Мәселен, «Aimer» супермаркеттер желісінде сүт өнімдері, құрғақ азық-түлік және басқа да күнделікті қажетті тауарлар жеңілдікпен сатылуда. Акцияға қатысатын өнімдер арнайы белгілермен көрсетілген.
Тағы оқыңыз: Петропавлда қазақ мектептерінің оқушылары арасында зияткерлік сайыс өтті

