Тарихты білу, ел мұрасын тану және білімді ортада шыңдау. Петропавлда Республика күніне орай оқушылар арасында викторина өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте өткен додаға қаланың қазақ тілінде білім беретін мектептерінен 30-ға жуық оқушы қатысты. Олардың әрқайсысы мектепішілік кезеңде үздік атанып, білімін облыстық деңгейде сынауға мүмкіндік алған. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы және география пәндерінен қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Басты мақсат — оқушылардың білімге құштарлығын арттырып, бәсекеге қабілетті жас буын қалыптастыру. Викторина үш кезеңнен тұрады. Оқушылар Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы және география пәндері бойынша тапсырмаларды орындайды. Мектепте осындай сайыстар жиі ұйымдастырылады. Осы арқылы бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелегіміз келеді», — деді Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің директоры Айымгүл Тасымова.
Білім додасының алғашқы кезеңінде оқушылар Тәуелсіздік, мемлекеттік рәміздер және Қазақстанның жетістіктері туралы сұрақтарға жауап берді. Ал келесі кезеңде тарихи тұлғаларды сипаттамалары арқылы табу қажет болды. Қатысушыларға белгілі қайраткерлердің өмір жолына қатысты ишаралар беріліп, сол бойынша тұлғаның кім екенін анықтау тапсырылды. Бұл кезеңде оқушылардың тарихи білімімен қатар, тапқырлығы мен ойлау жылдамдығы да сыналды.
Республика күніне арналған зияткерлік сайыстың соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар оқушылардың танымын кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жас тарихшылар арасында облыстық байқау өтті

