Туған өлкенің тарихын зерттеп, ұлт мұрасын ұлықтау. Петропавлда оқушылар арасында «Менің шағын Отаным» атты байқаудың облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Білім сайысына аудандық іріктеуден сүрінбей өткен 38 оқушы қатысты. Жас зерттеушілер тарихи білімдерін сынап, туған жердің өткені туралы жобаларын таныстырды. Шараны «Қызылжар дарыны» орталығы ұйымдастырды.

Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар тарих пәнінен тест тапсырды. Сұрақтар Қазақ хандығының құрылуы, ел билеген тұлғалардың өмірі мен маңызды тарихи шайқастарды қамтыды. Одан кейін оқушылар өз зерттеулерін қорғап, жинаған деректерін ортаға салды. Жобалар туған өлкенің тарихи орындары мен мәдени мұрасын кеңінен танытуға бағытталған.

Петропавлда жас тарихшылар арасында облыстық байқау өтті
Петропавлда жас тарихшылар арасында облыстық байқау өтті

«110 оқушының ішінен 38-і облыстық кезеңге жолдама алды. Олар туған жерінің тарихы мен мәдени мұрасы туралы дайындаған жобаларын қорғады. Жеңімпаздар 31 қазанда Тараз қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады», — деді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.

Қатысушылардың бірі — Айыртау ауданындағы Мәдениет орта мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Аяла Табылды. Ол өзі тұратын өңірдің тарихына үңіліп, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ерлігін зерттеген. Ауыл маңында орналасқан қос батырдың мемориалдық кешені жас ізденушіге зерттеу тақырыбын таңдауға түрткі болған.

Петропавлда жас тарихшылар арасында облыстық байқау өтті
Петропавлда жас тарихшылар арасында облыстық байқау өтті

«Қарасай мен Ағынтай батырлардың “Орбұлақ” шайқасындағы ерлігі жайлы зерттедім. Қос батыр Жәңгір ханды тұтқыннан құтқарып қалған. Айырылмас дос болып, қаншама ерлік жасады», — деді қатысушы.

Байқау қорытындысы бойынша төрт аталымда үздіктер анықталады. Жеңімпаздар 31 қазанда Таразда өтетін республикалық кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды. Бұл — оқушылардың зерттеушілік қабілетін шыңдап, тарихи танымын кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Тағы оқыңыз: Жаңа Конституция театр өнерінің дамуына тың мүмкіндіктер ашады

Поделиться:

Shares