Жаңа Конституцияда шығармашылық еркіндікке, мәдени мұраны сақтауға және өнерді қолдауға ерекше мән берілген. Бұл қағидаттар театрлардың дамуына, жаңа шығармашылық ізденістерге және жас таланттардың қалыптасуына жол ашады. Мұндай пікірді Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Оның айтуынша, театр – түрлі ұлт пен ұрпақты біріктіретін, мәдени құндылықтарды дәріптейтін рухани орта. Сондықтан мәдени әралуандықты сақтау мен шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ету аса маңызды.

«Біздің көпұлтты ұжым үшін түрлі мәдениеттерге құрмет көрсету – күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Театр адамдардың бір-бірін жақсы түсінуіне, әр халықтың дәстүрі мен құндылықтарын тануына мүмкіндік береді», – дейді Спартак Рамазанов.

Театр басшысы шығармашылық еркіндік өнер адамдарына қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеруге, тың идеялар мен жаңа сахналық шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституцияда көрініс тапқан құндылықтардың маңызы театрлардың күнделікті жұмысынан, шығармашылық мүмкіндіктерінен және өнердің халыққа қолжетімділігінен байқалуы тиіс.

«Шығармашылық ой еркіндігі мен ізденіссіз мүмкін емес. Режиссерлер, драматургтер мен әртістер үшін көрерменмен ашық сөйлесу, күрделі тақырыптарды көтеру және адам мен қоғам туралы өз тілінде жеткізу маңызды. Мәдениетке талант пен шабыт қана емес, қолдау да қажет. Шығармашылық ұжымдардың өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігі артса, бұл қойылымдардың сапасына, репертуарға және көрермен қызығушылығына оң әсер етеді. Жас әртістер кәсіби өсу мүмкіндігін көріп, болашағын театрмен байланыстыруы маңызды», – деп атап өтті театр директоры.

Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда күн суытып, 10 градусқа дейін аяз болады

Поделиться:

Shares